АСТАНА, 2 қаңтар – Sputnik. Қазақстанда азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесінің бірыңғай ведомствоаралық радио желісі жұмыс істей бастады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан төтенше жағдайлар министрлігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Қазақстанда төтенше жағдайлар кезінде аса қажетті жүйе іске қосылды
© Photo : Пресс-служба МЧС Казахстана
Бұған дейін әрбір өңірдің дербес радиобайланыс жүйесі болған. Ондайда төтенше жағдай кезінде бөлімшелерді басқару тиімділігі айтарлықтай төмендейді. Осыған байланысты былтыр бірыңғай радиобайланыс жүйесін құру бойынша нақты шаралар қолға алынып, жыл бойы базалық станцияларды орнату жұмыстары атқарылды.
"Осы шаралар еліміздің барлық өңірлерін бірыңғай радио желісіне біріктіруге мүмкіндік берді және оны одан әрі кеңейту үшін, оның ішінде шалғайдағы аудан орталықтары мен жетуге жолы қиын аумақтарды қамту есебінен жағдай жасады", - дейді құтқарушылар.
Қазақстанда төтенше жағдайлар кезінде аса қажетті жүйе іске қосылды
© Photo : Пресс-служба МЧС Казахстана
Биыл бірыңғай жүйені одан әрі дамыту аясында облыс орталықтарында, республикалық маңызы бар қалаларда және Астанада тұрақты радиосигналды қамтамасыз ету үшін қосымша базалық станциялар сатып алынады.
Ал SmartOne диспетчерлік платформасын қолдана отырып, аудандық бөлімшелердің цифрлық ретрансляторлары транкингтік желіге біріктіріледі. Соның нәтижесінде ірі ауылдық елді мекендерде, шалғайдағы объектілерде, автожолдарда және орман алқаптарында радиобайланыс болады.
Қазақстанда төтенше жағдайлар кезінде аса қажетті жүйе іске қосылды
© Photo : Пресс-служба МЧС Казахстана
"Дамудың келесі маңызды кезеңі транкингтік желілер, 3G/4G/LTE кең жолақты қолжетімділік желілері және интернет желілері корреспонденттерінің жұмысын бірыңғай коммуникациялық кеңістікте біріктіруге мүмкіндік беретін HyTalk коммутациялық жабдығын пайдалана отырып байланысты ұйымдастыру болады", - деп атап көрсетті мамандар.
Айта кетері, Қазақстан ТМД кеңістігінде бұндай ауқымдағы және аумақтық қамтудағы радио желісін іске асырған алғашқы ел болып табылады. Бірыңғай радиобайланыс желісі құтқарушылар, ұлттық ұлан мен полицейлерге төтенше жағдай кезінде өзара келісіп жұмыс істеуге қажет.