Тараздағы өрт: арнайы комиссия құрылды

Үйдің кейбір тұрғындары қонақ үйге орналастырылды
Sputnik
АСТАНА, 1 қаңтар – Sputnik. Таразда көпқабатты үйде болған өрттен кейін арнайы комиссия құрылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан облыстық әкімдіктің ресми сайтына сілтеме жасап.
Бүгін оқиға орнына облыс әкімі Ербол Қарашөкеев те барды. Оның айтуынша, өрттің шығу ошағын, себебі мен шығын көлемін анықтау үшін арнайы комиссия құрылды.
"Тұрғын үйге нысаналы төтенше жағдай жарияланды. Әр пәтер бойынша келтірілген шығын есептеліп, заң талаптарына сәйкес қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі. Зардап шеккен тұрғындарға қажетті көмек көрсетіледі", – дейді Қарашөкеев.
Қазіргі кезде мердігерлер шатыр жабындыларын алып, қалпына келтіру жұмыстарын бастап кетті. Ал пәтерлерді жөндеу комиссияның нақтылау мен анықтау шараларынан кейін атқарылады.
Айта кетері, 31 желтоқсанда сағат 22:18-де "Қарасу" шағын ауданындағы көпқабатты үйдің балконынан өрт шығып, шатырға тарап кеткен. Оқиға орнына 62 өрт сөндіруші барған. Олар тілсіз жаумен екі сағаттай күресті. Үйден 100 адам, соның ішінде 30 бала эвакуацияланды. Зардап шеккендер жоқ.
Үйдің кейбір тұрғындары қонақ үйге орналастырылды.
Таразда жаңа жыл түні 100 адам үйінен эвакуацияланды