АСТАНА, 1 қаңтар – Sputnik. Денсаулық сақтау министрлігі жаңа жыл түнінде дүниеге келген нәрестелердің санын жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Бүгін түнде республика перзентханаларында 254 сәби дүниеге келді. Ұлдар мен қыздардың саны бірдей.
Нәресте көп туған өңірлер:
Түркістан облысы – 29 бала;
Шымкент қаласы – 24 сәби;
Астана – 22 бала;
Алматы – 21 нәресте.
Ал Ақтөбе облысында бір егіз дүниеге келді.
Осы орайда министрлік жүктіліктің 10 аптасына дейін ерте есепке тұрған әйелдердің саны 25%-ға өскенін де ерекше атап өтті. Бұл әрбір болашақ анаға жеке мультидисциплинарлық тәсілді қамтамасыз етуге, сапалы антенаталдық күтім көрсетуге, қауіпсіз босануға және босанғаннан кейінгі бақылауды жүргізуге мүмкіндік береді.