АСТАНА, 29 желтоқсан - Sputnik. Павлодар облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі алқасы аударылған қаражатқа қатысты істі қарады, деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметі.
Облыстық сот бірінші сатыдағы соттың негізсіз баю сомасын өндіру туралы шешімін өзгеріссіз қалдырды.
Сотта талап қоюшы 2025 жылдың маусым айында жауапкердің банк картасына үш траншпен жалпы сомасы 3 млн теңге ақша аударғаны анықталды. Тараптар арасында ақша қаражатын аударудың шарттық немесе өзге де заңды негіздері болмаған және тараптар бұрын таныс болмаған.
"Жауапкер ақша қаражатын алу фактісін жоққа шығармады, бірақ олардың заңды түсу себебін де дәлелдемеді. Іс бойынша ұсынылған материалдар талап қоюшыдан жауапкердің шотына ақшалай қаражаттың түскенін растады", - деп жазылған хабарламада.
Сот алынған қаражат негізсіз баю болып табылады және талап қоюшыға қайтарылуға жатады деген қорытындыға келді.
Қаулы заңды күшіне енді.