Астанада 2026 жылы пилотсыз такси жобасы іске қосылады

"Yandex Qazaqstan-ның" автономды көлік жобасы кезең-кезеңмен іске қосылады
Sputnik
АСТАНА, 29 желтоқсан – Sputnik. Астанада 2026 жылдан бастап пилотсыз такси жобасы кезең-кезеңмен іске асырылады. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, Көлік министрлігі, Астана қаласының әкімдігі мен Yandex Qazaqstan компаниясы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі.
Жаслан Мәдиев, Нұрлан Сауранбаев, Евгений Глотов және Тимур Шәлекенов
Меморандум жүргізушісіз таксиді дамыту жөніндегі ынтымақтастық туралы. Тараптар елордада автономды такси қызметін іске қосу туралы келісімге келді.
Меморандум аясында өздігінен жүретін такси жобасы 2026 жылдан бастап кезең-кезеңмен іске асырылады.
"Халықаралық зерттеулер деректеріне сүйенсек, автономды технологиялар адам факторын азайту арқылы жол апаты санын төмендетуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ көлік ағынын оңтайландырып, халықтың әртүрлі топтары, соның ішінде қозғалысы шектеулі азаматтар үшін қолжетімді болады", - дейді министрлік.
"Yandex Qazaqstan-ның" автономды көлік жобасы кезең-кезеңмен іске қосылады – алдымен пилоттық режимде және тестілеуден басталады. Мұндай формат қалалық ортаның нақты жағдайларын ескеруге мүмкіндік береді. Сервисте диспетчерлік қызметпен тәулік бойғы байланыс және сапарларды сақтандыру қарастырылған.
"Жүргізушісіз көлікті басқару жүйесі жасанды интеллектіні, жол жағдайын үздіксіз бақылауды және қауіпсіз әрекет ету сценарийлерін қамтитын автономды жүргізудің сынақтан өткен тәсілдеріне негізделеді. Тәжірибе жинақталып, жұмыстың тұрақтылығы расталған сайын қызмет ауқымы кеңейеді", - деді Yandex Qazaqstan басшысы Тимур Шәлекенов.