АСТАНА, 17 желтоқсан - Sputnik. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 2025 жылдың 11 айында 6,1%-ға ұлғайып, 9,2 трлн теңгені құрады. Бұл туралы Үкімет отырысында ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов мәлімдеді.
Ол өсім мал шаруашылығындағы өндіріс көлемін 3,5%-ға, егін шаруашылығындағы өндіріс көлемін 7,6%-ға ұлғайту есебінен қамтамасыз етілгенін атап өтті.
"Дәстүрлі дақылдардың тұрақты жоғары өнімділігіне қарамастан, биыл майлы және бұршақ дақылдары да айқын өсім көрсетті. Мәселен, 1,1 млн тоннадан астам көлемде бұршақ дақылдарының рекордтық өнімі алынды", - деді Сұлтанов.
Вице-министр майлы дақылдардың өнімі алғаш рет 4,7 млн тоннаға жеткенін айтты. Мұндай көрсеткіштерге егін егу және жинау жұмыстарына жеңілдікпен 750 млрд теңге қаржы бөлінгені ықпал етіп отыр, деді ол.
Сондай-ақ министрдың сөзінше, биыл алынған астық көлемі ішкі нарықтың қажеттілігін толық өтейді. Экспорт көлемін ұлғайтуға да мүмкіндік береді.
Ол 2024-2025 маркетингтік жыл ішінде Қазақстан 13,4 млн тонна астық экспорттағанын, бұл алдыңғы ұқсас кезеңнен 47%-ға артық және соңғы 20 жылдағы ең жоғары көрсеткіш екенін атап өтті.
"Бүгінгі таңда 3,4 млн тонна жаңа астық экспортталды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 20%-ға көп. Экспорттық әлеует шамамен 13 млн тоннаны құрайды", — деп атап өтті Азат Сұлтанов.