АСТАНА, 8 желтоқсан - Sputnik. Қостанай қаласы №2 сотында бейімдеу орталығында ер адамды соққыға жыққан қызметкерге үкім шықты.
Сотта анықталғандай, оқиға биыл 27 шілдеде шамамен 18:30-да Қостанай қаласындағы уақытша бейімдеу және детоксикация орталығында болған.
"Орталықтың палатасында санитар жәбірленуші ер адамға жеке бас араздығы негізінде, қасақана, оң аяғымен басынан бір рет және денесіне үш рет соққы жасаған. Бұл оның өміріне қауіпті ауыр жарақат алуына себеп болған", - деп жазылған хабарламада.
Сотта санитар өз кінәсін мойындамай, әрекетінде қылмыс құрамының болмауына байланысты ақтауды сұрады.
Жәбірленуші мен оның өкілі қатаң жаза тағайындап, талапты қанағаттандыруды сұрады.
Сот сотталушының жеке басын, жасалған қылмыстың ауырлығын, жәбірленушіге келтірілген зиянды өтеу жөнінде шаралар қабылдамағанын ескере отырып, әлеуметтік әділеттілік пен түзелу мақсатында оған 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Сонымен қатар 5 жыл мерзімге науқастарға күтім жасауға байланысты қызметпен айналысу құқығынан айырылды.
Жәбірленушінің азаматтық талабы ішінара қанағаттандырылып, жауапкерден моральдық зиян өндіру белгіленді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.