АСТАНА, 7 желтоқсан – Sputnik. Таеквондодан Кенияның Найроби қаласында өтіп жатқан жастар арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы екінші алтын медалін жеңіп алды, деп хабарлайды Ұлттық Олимпиадалық комитеттің баспасөз қызметі.
Бұл жолы Батырхан Төлеуғали әлем чемпионы атанды.
"Қазақстандық спортшы 87 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде үздік шықты. Финалда Төлеуғали ирандық Мохаммад Ализадені жеңді", - деп жазылған хабарламада.
Айта кетері, ұлттық құрама қоржынында қазір үш жүлде бар. Бұған дейін Бейбарыс Қаблан чемпион атанса, Тамерлан Тілеулес қола медаль иеленген еді.