Петропавлда екі жұмысшы биіктіктен құлап кетті

Біреуі оқиға орнында көз жұмды, ал екіншісі ауруханаға жеткізілді
Sputnik
АСТАНА, 5 желтоқсан - Sputnik. Петропавлдағы интернет кабелін тартпақ болған екі жұмысшы биіктіктен құлады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Көпқабатты үйге интернет кабель тартпақ болғанда арқан үзіліп кетіп, екі жұмысшы құлап кетті. Біреуі оқиға орнында көз жұмды, ал екіншісі ауруханаға жеткізілді. Жазатайым оқиға 5 желтоқсан күні таңертең болды.
Қайтыс болған адам 35 жаста, ол жеке компанияда инженер болып жұмыс істеген, екіншісі – "Қазақтелеком" компаниясының 31 жастағы қызметкері.
Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, ауруханадағы жұмысшының кеуде тұсы, қолы мен қабағы жараланған.
Облыстық еңбек инспекциясы Sputnik Қазақстан тілшісіне оқиғаның бақылауда екенін айтты.

"Қазіргі уақытта осы жазатайым оқиғаны арнайы тергеу жөніндегі комиссияны құру жұмыстары жүргізіліп жатыр", - дейді ведомстводағылар.

Полиция қылмыстық іс қозғады.
"Осы факті бойынша полиция еңбекті қорғау ережелерін бұзу белгілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады", - дейді Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаментіндегілер.
Ақтауда құрылысшы 6-қабаттан құлап қайтыс болды