АЛМАТЫ, 4 желтоқсан – Sputnik. Қарағанды облысында мүгедек жанға қайыр сұратқандардың жазасы жеті айдан соң жеңілдетілді, деп хабарлайды Қарағанды облысының соты.
Тергеу материалына сәйкес қылмысты ұйымдастырушы 2015 жылы қол-аяғы жоқ жанға қала орталығында қайыр сұратқан. Ақшасын өзі алып отырған. Тіпті әйелі екеуіне күш көрсетіп, балаларын тартып алып, туыстарына берген.
Мүгедек жанды қайыр сұрауға мәжбүрлеген үш ер адам мен бір әйелге қатысты сот үкімі биыл мамырда шыққан болатын.
"Бірінші сатыдағы сот топты ұйымдастырушыға 17 жылға, оның қатысушыларына 12 жылға бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Сотталғандар апелляциялық шағым түсірді", - деп жазылған хабарламада.
Сот алқасы сотталғандар мен олардың адвокаттарының шағымын қарап, үкімді өзгертті. Нәтижесінде топ құрамындағы іс-әрекеттер, сондай-ақ өмір мен денсаулыққа қауіпті зорлық-зомбылықты қолдану дәлелденбегені анықталды.
"Бас айыпталушы рецидивті ескере отырып, 11 жылға бас бостандығынан айырылды. Қалған қатысушыларға мерзім екі есеге қысқарып, 6 жылға бас бостандығынан айырылды", - дейді ведомство.