АСТАНА, 30 қараша – Sputnik. Алматыда бірнеше нысан қызғылт сары түске боялды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Қазір Көктөбе телемұнарасы, Halyk Bank ғимараты, Тұңғыш Президент саябағы, LED-экрандар және қаланың бірнеше ірі орындары қызғылт сары түспен әрленіп тұр.
"Алматыда "Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн" атты жаһандық акцияны қолдау мақсатында бірқатар нысандарға жылы қызғылт сары түс берілді. Қызғылт сары түс – жылылықтың, үміт пен бірліктің белгісі. Ол әрбір адамның құқығын қорғаудың маңыздылығын және зорлық-зомбылықтың кез келген түріне нөлдік төзімділік қағидатын еске салады", - делінген ресми хабарламада.
Әкімдіктің айтуынша, бұл шара қоғам назарын маңызды мәселеге бұратын көрнекі белгі әрі қиындыққа тап болған адамдарға деген қолдау мен құрметтің нышаны болып саналады.