Жамбыл облысында мейірбике науқасты өлтіріп алды: сот үкім шығарды

Заңсыз емшара кабинеті осыдан 9 жыл бұрын ашылған
Sputnik
АЛМАТЫ, 27 қараша – Sputnik. Жамбыл облысында екпе саламын деп науқасты өлтіріп алған мейірбикеге сот үкімі шықты, деп хабарлайды облыстық сот.
Қылмыстық іс Тараз қаласының № 2 сотында қаралды. Сотталушы орындығында екі адам болды. Оқиға сертификаты мен лицензиясы жоқ емшара кабинетінде болған.
Сотталушылардың біріне Қылмыстық кодекстің 322-бабы 3-бөлігі "Заңсыз медициналық қызметпен айналысқаны үшін", екіншісіне Қылмыстық кодекстің 317-бабы 3-бөлігі "Абайсызда адамның өліміне әкеп соққан медицина қызметкерінің кәсіптік міндеттерін дұрыс орындамауы" бойынша іс қозғалды.
Заңсыз емшара кабинеті осыдан 9 жыл бұрын ашылған.
"Биыл ақпанда осы процедуралық кабинеттің мейірбикесі науқасқа бұлшықет ішіне "Цефтриаксон" препаратын салған. Салдарынан науқаста анафилактикалық шок болған. Науқас қалалық көпсалалы ауруханада қайтыс болды", - дейді сот.
Сотта емшара кабинетін заңсыз ашқан сотталушы кінәсін мойындамады.
Ал укол салған мейірбике өз кінәсін мойындаған. Қайтыс болған науқастың жұбайы бас бостандығын шектеуді және қосымша жазалар тағайындауды сұрады.
"Сот емшара кабинетін заңсыз ашқан сотталушыға 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын кесті. Ол 3 жыл мерзімге инъекциялық терапия саласында жеке кәсіппен айналысу құқығынан айырылды. Ал мейірбикеге 1 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу түрінде жаза кесілді.
"Рақымшылық жасау туралы" заңды қолдана отырып, мейірбике бас бостандығын шектеу түріндегі жазадан босатылды", - дейді Жамбыл облыстық соты.
Екі сотталушы жәбірленуші тарапқа 12 млн теңге моральдық және материалдық өтемақы төлейді.
Денсаулығына ауыр зиян келтірген: Павлодарда баланы сүндеттеген дәрігер сотталды