АСТАНА, 27 қараша – Sputnik. Қостанайда полиция мен риелтор мүлкінен айырылып қала жаздаған зейнеткерді құтқарды, деп хабарлайды Polisia.kz.
64 жастағы тұрғын интернеттен тиімді инвестициялар туралы жарнаманы көргеннен кейін алаяқтардың құрбаны болды. Жоғары табысқа уәде бергендерге сеніп, ол сілтемелерге өтіп, қылмыскерлерге 4 млн теңге аударған. Алаяқтар "салған қаражат көбейген сайын пайда артады", – деп сендіріп, әйелді психологиялық қысыммен тағы 6 млн теңгені аударуға көндірген.
"Жәбірленушінің жылжымайтын мүлкі бар екенін білген қаскөйлер одан әрі қадамға барып, пәтерін сатуға үгіттеген. Олар тіпті өздері риелторлық компанияға хабарласып, зейнеткердің көмекшілері ретінде танысып, пәтерді төмен бағаға жедел сатуын талап еткен", - деп жазылған хабарламада.
Риелторда бірден күдік туды. Себебі байланысқа үшінші тұлға шығып, асықтырады, баға да нарықтан төмен. Оқиға орнына барған риелтор пәтер иесімен кездесіп, оның қысым астында тұрғанын байқап, дереу полицияға хабарлаған.
Киберқылмыспен күрес басқармасының қызметкерлері жедел жетіп, әйелге оның алаяқтық схеманың құрбаны болғанын түсіндіріп, пәтердің сатылып кетуіне және соңғы мүлкінен айырылуына жол бермеді.
Ірі көлемдегі интернет-алаяқтық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Полиция ақша аударылған тұлғалардың деректерін анықтады. Қазір олардың орналасқан жері анықталып жатыр.