Мемлекеттік сатып алуларды заңсыз рәсімдеген бөлім басшысы айыппұл арқалады

Бұл бағытқа жетекшілік ететін қала әкімінің орынбасары тәртіптік жауапқа тартылды
Sputnik
АСТАНА, 26 қараша - Sputnik. Степногор қаласында мемлекеттік сатып алу саласында заңбұзушылықтар анықталды, деп хабарлайды Ақмола облысының прокуратурасы.
Степногор қаласының әкімдігі мемлекеттік сатып алу туралы заңнама талаптарын бұзған.
"Лауазымды тұлғалар мемлекеттік сатып алуларды жүргізу кезінде конкурс құжаттамасына әлеуетті өнім берушілер арасындағы бәсекелестік ортаны шектейтін талаптар енгізген. Сондай-ақ жеткізілетін тауардың ұлттық стандарттарға сәйкестігін растайтын құжаттар болмаған", - дейді ведомстводағылар.
Прокурорлық қадағалау шараларының нәтижесінде жалпы сомасы 237 млн теңге болатын төрт мемлекеттік сатып алу конкурсы жойылды.
Заңды бұзған Степногор қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды.
Ал бұл бағытқа жетекшілік ететін қала әкімінің орынбасары тәртіптік жауапқа тартылды.
Мемлекеттік сатып алуда заңсыздыққа жол берген басшыға айыппұл салынды