АСТАНА, 25 қазан – Sputnik. Экология және табиғи ресурстар министрлігі утильалымнан түскен қыруар қаржы қалай жұмсалатынын жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Қазіргі кезде жалпы сомасы 185 млрд теңгеге бағаланған 60 жоба мақұлданды. Соның ішінде 22 жобаға 89,4 млрд теңге салынды.
Мақұлданған жобалар:
92 бірлік қоқыс таситын көлік сатып алу ( 8 жоба);
қоқысты сұрыптайтын цехтер ( 19 жоба);
қоқысты қайта өңдеу бастамалары (33 жоба).
"Бұл жобаларды іске асыру қалдықты қайта өңдеу деңгейін 40%-ға жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл – Жасыл даму қаражатының экологиялық саланы дамытуға үлес қосып жатқанын айқындайтын бағыттардың бірі", — деді вице-министр Жомарт Әлиев үкіметтің бүгінгі отырысында.
Бұдан бөлек, Астана, Алматы және Шымкентте толығымен шетелдік инвестициялар есебінен 3 қоқыс өртейтін зауыт салу жоспарланып отыр. Биыл инвесторлармен тиісті келісімдерге қол қойылды. Қаржының жалпы көлемі – 293 млрд теңге. Құрылыс мерзімі – 2 жыл.