АСТАНА, 21 қараша – Sputnik. Түркістан облысында өрттен зардап шеккен үшінші адам санавиациямен Шымкентке жеткізілді.
Өрттен зардап шеккен баланы Жетісай ауданында шұғыл медициналық көмек көрсетуге қажетті арнайы жабдықтар жеткіліксіз болғандықтан, тасымалдау қажет болды.
Экипаж санитарлық рейсті сәтті орындап, барлық қауіпсіздік шараларын сақтай отырып, зардап шеккен қызды межелі жерге жеткізді.
7 жасар науқас Шымкент қаласындағы гипербариялық оксигенация орталығына орналастырылды.
Ол арнайы мамандандырылған дәрігерлердің бақылауына тапсырылды.
Еске сала кетейік, 18 қарашада Түркістан облысында үйден өрт шығып, 12 адам қаза тапты. Оның 9-ы - бала. Арасында 1 жасар сәби бар. 3 адам жансақтау бөліміне түскен.
Бұған дейін өрттен аман қалған ер адам мен келіншек Шымкентке жеткізілген болатын.