АСТАНА, 21 қараша – Sputnik. Сыртқы істер министрлігі Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттігінің (АЭХА) Қиыр Шығыс өңірлік тобына Қазақстанды қабылдау бойынша агенттіктің Басқарушылар кеңесінің бүгінгі отырысында жарияланған шешімді құптады.
Қазақстанның өңірлік топқа кіруі – Агенттіктің Жарғысына және еліміздің бастамасымен қабылданған АЭХА Бас конференциясының 2023 жылғы 29 қыркүйектегі GC(67)/RES/15 қарарына сәйкес мемлекеттердің АЭХА-дағы егемендік теңдігін қалпына келтіру мәселесіндегі маңызды қадам болмақ.
"Бұл Астананың бейбітшілік пен жаһандық қауіпсіздікке қолдау көрсетуге, ядролық қарусыздану мен таратпау режимін нығайтуға бейілділігін растайды. Мүше мемлекеттердің АЭХА-дағы егеменді теңдікті қалпына келтірудегі іс-жігерін жоғары бағалаймыз және Қиыр Шығыс тобына қатысушы мемлекеттеріне қолдау мен жоғары сенім үшін ризашылығымызды білдіреміз", - деп жазды сыртқы істер министрлігі.
Бұл шешім Қазақстанға АЭХА басқарушы органдарының жұмысына толыққанды қатысуға мүмкіндік береді. Мемлекетіміз жаппай қырып-жою қаруы тәуекелдерінен азат әлем құруға бағытталған халықаралық іс-әрекеттердің белсенді қатысушысы ретінде атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалануға, ядролық технологияларды жауапкершілікпен қолдануға және сенім мен транспаренттіктің халықаралық механизмдерін нығайтуға өзінің конструктивтік үлесін әрі қарай ұсынуға әзірлігін білдіреді.