Түркістан облысындағы өрт: тағы бір науқас Шымкентке жеткізілді

Жетісай ауданында шұғыл медициналық көмек көрсетуге қажетті арнайы жабдықтар жеткіліксіз
Sputnik
АСТАНА, 20 қараша - Sputnik. Түркістан облысы Жетісай ауданы Алғабас ауылында өрттен зардап шеккен тағы бір науқас - әйел - Шымкентке жеткізілді, деп хабарлайды төтенше жағдайлар министрлігі.
Қазавиақұтқару авиациялық қызметінің тікұшағы науқасты Жетісай ауданынан Шымкент қаласына санитарлық рейспен жеткізді.

"Санитарлық рейс "Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы" РМҚК-ның үйлестіруімен ұйымдастырылды. Рейс барысында Түркістан облысындағы өрттен зардап шеккен 35 жастағы азаматша Шымкент қаласындағы гипербариялық оксигенация орталығына жеткізілді", - деп жазды ведомстводағылар.

Министрліктің мәліметінше, гипербариялық орталық Шымкентте орналасқан. Ал Жетісай ауданында шұғыл медициналық көмек көрсетуге қажетті арнайы жабдықтар жеткіліксіз. Сол себепті науқасты тасымалдау қажет болған.
"Экипаж санитарлық рейсті сәтті орындап, барлық қауіпсіздік шарасын сақтай отырып, зардап шеккен азаматшаны межелі жерге жеткізді. Қону сәтінен кейін азаматша арнайы мамандандырылған дәрігерлердің бақылауына тапсырылды", - дейді төтенше жағдайлар министрлігі.
Еске салайық, кеше ұшақпен өрттен зардап шеккен 39 жастағы ер адам жеткізілген болатын.
Түркістан облысында өрттен 12 адам көз жұмды: ТЖМ апаттың ықтимал себебін айтты