АСТАНА, 20 қараша – Sputnik. Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин әйелдердің жұмыс уақытын қысқартуға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Мәжілістің кешегі отырысында депутаттар жұмыс пен үйдегі шаруаны бірге алып жүретін, әсіресе, балалар мен егде жастағы туыстарына қарайтын әйелдер үшін қысқартылған жұмыс аптасын және ыңғайлы жұмыс кестесін заңмен бекітуді ұсынды.
Вице-премьер Серік Жұманғарин ондай тәжірибе бар деп отыр.
"Негізі әлемдік практикада ондай бар. Адам үй жұмыстарымен айналысса, оған қоса, балалармен отырған жағдайда ол да өнімді еңбек болып саналады. Соның бәрін есептеуге болады. Сондықтан бұл бастаманы жан-жақты зерделеу керек", - деді Жұманғарин сенатта өткен брифингте.
Айта кетері, Қазақстан еңбек заңнамасы бойынша адамның бір апталық жұмыс уақыты 40 сағаттан аспауы шарт. Бес күндік жұмыс аптасы кезінде әр күнге 8 сағаттан келеді.