АСТАНА, 19 қараша - Sputnik. Қарағандыда әйел адам төрт жасар баласының қолын жіппен байлап, үйде жалғыз тастап кеткен, деп хабарлайды облыстық сот.
Әйел күйеуімен ажырасып кеткен. Алайда ер адам баласының өміріне алаңдап, шағым түсіре берген. Күйеуінің айтуынша, баланың денесінен көгерген жерлерді байқаған.
"Сарапшының қорытындысына сәйкес, дене жарақаттары жеңіл дәрежедегі жарақаттар санатына жатқызылған. Сонымен қатар балада психомоторлық дамудың кешігуі, сөйлеу дамуының нашарлығы, жіті респираторлық вирустық инфекция, дене салмағының аздығы және тәрбиеге немқұрайлылық белгілері диагнозы қойылған", - дейді ведомстводағылар.
Анасы баланың қолын байлап, үйінде жалғыз қалдырып, өзі кетіп қалған.
"Ұзақ жылап жатқанын естіген көршілер есіктің кілт салатын тесігінен сығалап қараған. Сол кезде үй ішінде қолы байлаулы баланы көрген. Олар жедел жәрдем шақырған", - дейді сот.
Сот үкімімен әйел Қылмыстық Кодекстің 140-бабы 2-бөлігімен "Ата-аналық міндеттерін орындамау немесе тиісінше орындамау, кәмелетке толмаған балаға қатыгездік көрсеткені үшін кінәлі деп танылды.
Сот анасымен бірге тұрғанда ауыр халде болғанын анықтаған. Сот үкімімен балаға бұдан былай әкесі қамқорлық жасайды. Ал анасы алимент төлейтін болды. Әкесі бұған дейін алимент төлеу міндетінен босатылды.