Тойдан кейін келіп қонған: өрттен қаза тапқандар туралы ақпарат шықты

Тойдан соң ағайынды екі ер адам отбасымен бірге өрт шыққан үйге келіп қонған
Sputnik
АСТАНА, 18 қараша – Sputnik. Түркістан облысында өрттен қаза тапқандар мен зардап шеккендер туралы ақпарат шықты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Өңірдегі дереккөздің мәліметінше 34 жастағы үй иесі мен 31 жастағы әйелі, олардың 5 баласы қайтыс болған.
"Үй иесінің 61 жастағы анасы және ағасы жансақтау бөлімінде жатыр. Ағасының әйелі мен төрт баласы көз жұмған, тағы бір баласы жансақтау бөлімінде жатыр", - деп жазылған хабарламада.
Ағайынды екі ер адам тойдан кейін отбасымен бірге өрт шыққан үйге келіп қонған.
Еске сала кетейік, жеке үйде болған өрттің салдарынан 12 адам қаза тапты, оның ішінде 9 бала бар. Өртті барлау және сөндіру кезінде үйден ес-түссіз жатқан үш адам эвакуацияланып, жедел жәрдем бригадасына тапсырылды.
Көршілерінің айтуынша, үйде қонақтар болған. 360 шаршы метр аумақты шарпыған өрт толығымен сөндірілді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көптеген адамның қаза табуына байланысты көңіл айтты.
Түркістан облысында өрттен 12 адам көз жұмды