Қазақстан мен Эстонияның компаниялары 11 коммерциялық құжатқа қол қойды

Келісімнің жалпы құны 517 миллион доллардан асады
Sputnik
АСТАНА, 18 қараша – Sputnik. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Алар Карис Қазақстан-Эстония бизнес форумында сөз сөйледі, деп хабарлады Ақорда.
Мемлекет басшысы Қазақстан мен Эстонияның іскерлік топ өкілдері қатысып жатқан бизнес-форум сауда және инвестиция саласындағы екіжақты ықпалдастықты жандандыруға септігін тигізетініне сенім білдірді.
"Қасым-Жомарт Тоқаев көлік-логистика, цифрландыру, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, қаржы және білім беру салаларындағы өзара тиімді серіктестіктің перспективті бағыттарына тоқталды. Сондай-ақ елімізде эстониялық бизнестің кеңеюіне жан-жақты қолдау білдіруге дайын екенін растады", - деп жазылған хабарламада.
Жиында Эстония президенті Алар Карис те сөз сөйледі.
Бизнес-форум аясында екі ел компаниялары жалпы құны 517 миллион доллардан асатын 11 коммерциялық құжатқа қол қойды.
Эстонияның Қазақстан экономикасына құйған тікелей инвестициясы 128 млн доллардан асты