АСТАНА, 17 қараша - Sputnik. Батыс Қазақстан облысындағы "Шапай – Жаңақала – Сайқын" автожолында жантүршігердік жол апаты болды, деп хабарлайды облыстық полиция департаменті.
Облыстық маңызы бар тас жолдың 50-ші шақырымында Toyota Camry және Volkswagen Sharan автомобильдері соқтығысқан. Салдарынан бір көлік өртеніп кетті.
"Оқиға салдарынан сегіз адам сол жерде қайтыс болды, тағы төртеуі ауруханаға жатқызылды. Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды", - дейді ведомстводағылар.
Полицияның болжамынша, жүргізушілердің бірі қарсы бағытқа шығып кеткен. Облыстағы ауа-райы ашық, жолда жүру қаупі болмаған.
Қазір оқиға орнында жергілікті полиция қызметкерлері, жедел-тергеу тобы және ТЖМ бөлімшелері жұмыс істеп жатыр.