АЛМАТЫ, 14 қараша - Sputnik. Жамбыл облысында екі адамның өліміне себепші болған көлік жүргізушіге қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Жамбыл облысының соты.
Қайғылы оқиға биыл маусымда болған. Сотталушы мас күйінде "Toyota Camry 55" маркалы автокөлігімен келе жатып, Жамбыл ауданындағы Шөлдала - Тараз автожолында қарсы бағытқа шығып, "Mitsubishi Pajero" маркалы автокөлікпен соқтығысқан.
"Апат салдарынан "Toyota Camry 55" автокөлігінің жолаушысы оқиға орнында, ал оның әріптесі аурухананың реанимация бөлімінде қайтыс болды", - дейді ведомство.
Жәбірленуші тарап сотталушыны кешірмей, соттан заң шеңберінде жаза тағайындауды сұрады. Ал сотталушы кінәсін толық мойындады.
Сот үкімімен айыпталушы кінәлі деп танылып, өмір бойына көлік басқаруға тыйым салынды. Сондай-ақ оған 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.