АСТАНА, 12 қараша — Sputnik. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин келіссөздер қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының мемлекетаралық қарым-қатынасын жан-жақты стратегиялық серіктестік және одақтастық деңгейіне дейін жеткізу жөніндегі декларацияға қол қойды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Бұл құжаттың тарихи мәні зор. Халықтарымыз арасындағы мызғымас өзара сенім мен ынтымақтастықтың келешегі кемел екенін көрсетеді. Қазақстан Ресей Федерациясының өркендеуіне шын мәнінде мүдделі. Бүгінгі келіссөздер нәтижесін жоғары бағалаймын. Кездесуіміз ашық әрі сенімді рәуіште өтті және нақты пайдасын берді", - деді Тоқаев.
Сондай-ақ мемлекеттер басшыларының қатысуымен бірқатар үкіметаралық және ведомствоаралық құжаттарды алмасу рәсімі өтті.
"Сапар аясында қол қойылған бірқатар құжат елдеріміздің ғарышты игеру, атом энергиясын, арнайы экономикалық аймақтарды және креативті индустрияны дамыту бойынша айтарлықтай ілгерілеуіне мүмкіндік береді", - деп атап өтті президент.
Ресей президентінің айтуынша, декларацияда Ресей мен Қазақстан арасындағы өңіраралық және шекаралық ынтымақтастықты одан әрі кеңейту және нығайту жоспары айқындалған.