Канада азаматы ем іздеп Қазақстанға арнайы келген

Sputnik
АЛМАТЫ, 12 қараша - Sputnik. Канада азаматы Қазақстандағы Ұлттық нейрохирургия орталығында ота жасатты, деп хабарлайды денсаулық сақтау министрлігі.
Деніне саулық іздеген Канада азаматы Қазақстанға арнайы келген. Ол мойын омыртқасына көпфункционалды жасанды диск орнату үшін жоғары технологиялық операция жасатуды мақсат етеді.
"Шетелдік пациентке мойын омыртқасы бөлігінде жарық (грыжа) диагнозы қойылып, оған заманауи көпфункционалды протез қолдану арқылы операция жасалды. Бұл протез мойын омыртқасының табиғи қозғалысын сақтауға және қимыл-қозғалыстың толық қалпына келуіне мүмкіндік береді", - дейді министрліктегілер.
Отаны жоғары дәлдікті микрохирургиялық әдістерді меңгерген мамандар жүргізген.
Пациент Натальяның айтуынша, ол Қазақстанға арнайы мақсатпен келген, себебі ұзақ уақыт бойы қатты бас ауруы, қол мен арқадағы сіресу және ұю белгілерінен зардап шеккен.
"Бес жыл бойы ауырсыну мен жайсыздық сезіндім, ал операциядан кейінгі келесі күні-ақ жеңілдеп қалдым", – дейді ол.
Наталья Канадада 25 жылдан астам уақыт тұрып келеді. Денсаулығы нашарлаған соң ақылы емделу нұсқаларын іздеп, интернет арқылы Ұлттық нейрохирургия орталығының сайтын тапқан.
Ол бұған дейін Қазақстанда болмағанын және ел туралы көп білмегенін айтады. Алайда орталық туралы ақпаратпен танысып шыққан соң бұл заманауи әрі білікті медициналық ұйым екеніне көз жеткізген, дейді денсаулық министрлігі.
"Операция ең жоғары деңгейде өтті. Медициналық персоналдың кәсібилігі мен ықыласына тәнтімін. Ұлттық нейрохирургия орталығының дәрігерлеріне қамқорлығы мен жоғары сапалы емі үшін алғыс білдіремін", – деді Наталья.
Қазақстанда алғаш рет қашықтықтан роботтандырылған операция жасалды