Біз жұмысшы мамандықтарын қолдауға бағыт алдық – Тоқаев

Өркениет көші ілгерілеген сайын еңбеккерлерді цифрлық платформаларды басқара білуге міндеттейді
Sputnik
АСТАНА, 12 қараша — Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жұмысшы мамандықтарын қолдау шаралары бір жылмен шектелмейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
2025 жыл Қазақстанда "Жұмысшы мамандықтарының жылы" болып жарияланған болатын.
"Жұмысшы мамандықтарын жан-жақты қолдауға, олардың қоғамдағы беделін арттыруға және кәсіптік білім беру жүйесін реформалауға бағыт алдық. Аталған бағыттарға дәйекті түрде инвестиция салатын елдер инновация мен орнықты дамуда көш бастайтынын әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр", - деді Тоқаев бейнебайланыс арқылы Оралда басталған XXI Өңіраралық форумда.
Президенттің айтуынша, бүгінде жасанды интеллект, өндірістік процесті жаппай цифрландыру мен автоматтандыру жаһандық еңбек нарығын түбегейлі өзгертіп жатыр.
"Өркениет көші ілгерілеген сайын еңбеккерлерді түрлі интеллектуалдық жүйелер мен цифрлық платформаларды басқара білуге міндеттейді. Мамандардың жоғары біліктілігі мен заманауи дағдыларды меңгеруі елдеріміздегі өнеркәсіп өсімі мен технологиялық жаңғыруға негіз болады. Мұны бәріміз жақсы білеміз. Сондықтан кәсіби кадрларды даярлау үшін жүйелі шаралар қабылдаймыз", - деп атап өтті Тоқаев.
Айта кетері, Қазақстан президентімен бірге Ресей басшысы Владимир Путин де Оралда басталған XXI өңіраралық форумға бейнебайланыс арқылы қосылды.
Тоқаев пен Путин Оралдағы өңіраралық форумға бейнебайланыс арқылы қатысып жатыр