АСТАНА, 10 қараша – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бас прокурорға әскерде қаза тапқан сарбаздардың аналарынан түскен арыз-шағымды 12 күн ішінде қарастырып, істі тергеу барысында заңның сақталуына баға беруді тапсырды, деп хабарлайды Ақорда.
Бүгін Астанада министрліктер үйі ғимаратының алдында әскерде қаза тапқан сарбаздардың аналары митинг өткізіп, әділ тергеу жүргізуді талап етті.
Қорғаныс министрлігі қаза болған сарбаздардың ата-аналарымен кездесіп, мәлімдеме жасады.
Ведомство ашық диалогқа дайын екенін және әрбір істі жан-жақты қарауға уәде берді. Министрлік әскерде тәртіп пен моральдық ахуалды жақсарту шаралары жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Сондай-ақ бақылау күшейіп, психологтар тартылғанын және жасанды интеллектіге қосылған бейнебақылау жүйелері енгізіліп жатқанын хабарлады.