АСТАНА, 6 қараша – Sputnik. Қазақстанда ән авторлары мен орындаушылардың сыйақысын әділ төлеу үшін цифрлық платформа іске қосылады. Әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекова осы бастаманың негізгі тиімділігін айтып берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгінде әндердің сыйақысын авторлық қоғамдастықтар жинап отырады. Бірақ дәмхана, караоке, радио мен телеарналарда қойылатын шығармалар үшін жиналған қаражат көп жағдайда кассаға түспей жатады. Ал цифрлық платформада келісімшарттың бәрі тіркеледі.
"Цифрлық платформа қойылатын әндерді де тіркеп отырады. Арнайы есептегіш болады. Мәселен, тәулік бойы жұмыс істейтін телеарналар мен радиолар бар. Сол жерде белгілі бір әннің қашан және неше рет қойылғанын плафтормадан көруге болады. Сыйақы да композиторлар, авторлар мен орындаушылар арасында платформа арқылы әділ бөлінеді", - деді Жақселекова сенаттың бүгінгі отырысында.
Айта кетері, бірыңғай цифрлық платформаға Әділет министрлігіне қарасты "Ұлттық зияткерлік меншік институты" РМК жауапты болады.
Бүгін сенат депутаттары цифрлық платформаны енгізуге арналған заңды мақұлдап, президенттің қарауына жіберді.