АСТАНА, 5 қараша – Sputnik. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова банктік ағымдағы шоттарда жатқан ақшаға сыйақы төлеу мәселесі қарастырылып жатқанын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бұған дейін Қазақстанда ағымдағы шоттағы ақшаға сыйақы төленген болатын. Бірақ 2018 жылы тыйым салынды.
"Оған квазимемлекеттік компаниялардың жосықсыз практикасы себеп болған",-деді Әбілқасымова мәжілістің бүгінгі отырысында.
Оның айтуынша, ағымдағы шоттағы ақшаны кез келген уақытта алуға болады. Сондықтан депозиттермен салыстырғанда сыйақы мөлшерлемесі әлдеқайда төмен болуы керек.
"Біз де әлемдік тәжірибені зерделеп шықтық. Барлық жерде ағымдағы шоттар бойынша мөлшерлеме депозиттермен салыстырғанда өте төмен болады. Біз осы ұсынысты қолдаймыз", - деп атап өтті агенттік басшысы.
Айта кетері, алдағы уақытта ипотекалық және тұтынушылық кредиттердің мөлшерлемесі жаңа әдістеме бойынша есептеледі.