АЛМАТЫ, 4 қараша – Sputnik. Маңғыстау облысы Түпқараған ауданындағы теңіз жағалауында итбалықтар қырылып қалды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Қырылған итбалықтың ұзын-саны – 112. Теңіз жануарының қырылғаны туралы тұрғындар хабарлаған. Оқиға орнына іле-шала облыстық экология департаменті зертханалық-талдамалы бақылау бөлімінің мамандары шыққан.
"3 қарашада мамандар Түпқараған ауданы Форт-Шевченко, Баутин елді мекендерінің теңіз жағалауынан су сынамаларын алу жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ облыстық балық инспекциясы басқармасымен бірлесіп, Асан елді мекенінен Баутин мүйісіне дейінгі Түпқараған ауданының жағалау сызығын мониторингтеу барысында 112 бас Каспий итбалығының өлексесі анықталды", - дейді Маңғыстау облыстық экология департаменті.
Асан елді мекенінен Форт-Шевченко қаласының жағажайына дейін 39 итбалық, Форт-Шевченко қаласының жағажайынан Баутин мүйісіне дейін 73 итбалық табылған.