АСТАНА, 30 қазан – Sputnik. Бас прокуратура Қазақстанда жазасын өтеп жүрген шетелдіктердің санын жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиевтің айтуынша, қазіргі кезде Қазақстан түрмелерінде 1 027 шетел азаматы жазасын өтеп жүр.
"Олардың көбісі – Өзбекстан азаматы. Өкінішке қарай біздің 958 азаматымыз шетелде жазасын өтеп жатыр. 700-ден астамы – Ресей Федерациясында", - деді Қойгелдиев сенаттың бүгінгі отырысында.
Оның айтуынша, шетел түрмелерінде отырған қазақстандықтар жазаның қалған бөлігін өз елінде өтей алады. Ол үшін адамның өз келісім керек.
"Негізі бұл – өте күрделі мәселе. Әсіресе алыс шетелдерде түрмеде отыру қиын. Себебі біздің азаматтарымыз ол елдің тілін білмей жатады. Сосын көбісі жазаның қалған бөлігін өз елінде өтеуге болатынын білмейд", - деп өтті бас прокурордың орынбасары.