АСТАНА, 29 қазан - Sputnik. Түркістан облысында 1 ауыл мен 32 елді мекен газсыз қалды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бұл ақпаратты "QazaqGaz Aimaq" АҚ растады.
Компанияның мәліметінше, 28 қазанда "Мақтаарал" газ тарату станциясынан Мырзакент кентіне дейінгі диаметрі 400 мм жоғары қысымды газ құбырының учаскесінде жерасты құбырында газ шыққан.
"Топырақты ашқан кезінде құбырдың жалғанған тұсында ажырау болғаны анықталды. Қауіпсіздік мақсатында апатты бригада "Мақтаарал" МТҚ-дан кейін диаметрі 300 мм ысырманы жауып тастады", - дейді компаниядағылар.
1 кент пен 32 елді мекенге газ беру уақытша тоқтатылды. 9 мыңға жуық абонент, сондай-ақ коммуналдық және өнеркәсіптік тұтынушылар газсыз қалды.
"Апатты жағдайды қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр. Газ беріле бастағаны туралы қосымша хабарланады. Газдан ажырату мәжбүрлі шара болып отыр. Өйткені апатты жағдайды жою жұмыстары тәулік бойы орындалады. Бұл газбен жабдықтауды үздіксіз және қауіпсіз қалпына келтіруді қамтамасыз ету үшін қажетті шаралар", - дейді "QazaqGaz Aimaq" АҚ.