АСТАНА, 27 қазан – Sputnik. Қазақстан өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Мәскеуге жұмыс сапары аясында Ресейдің өнеркәсіп және сауда министрі Антон Алихановпен кездесті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Келіссөздер барысында тараптар Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың перспективалық бағыттарын, оның ішінде кооперациялық байланыстарды дамыту мен өнеркәсіп саласындағы өзара іс-қимылды тереңдету мәселелерін талқылады.
"Қос тарап әсіресе автомобиль өндірісі, теміржол машина жасау, металлургия, химия өнеркәсібі және құрылыс материалдары өндірісі сияқты салалардағы өнеркәсіптік кооперацияның басты жобаларын іске асыру мәселесіне ерекше тоқталды", - деп жазылған Қазақстан өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің хабарламасында.
Бүгінгі таңда Қазақстан мен Ресей арасындағы өнеркәсіптік кооперация шеңберінде құны 56,6 млрд АҚШ доллары болатын 175 жоба жүзеге асып жатыр. Бұл 64 мыңнан астам жаңа жұмыс орны деген сөз.
Тараптар өнеркәсіптік әріптестікті нығайту, өндірістік тізбектерді дамыту және екі ел бизнесі үшін жаңа мүмкіндіктерді ашу бағытындағы белсенді жұмысты жалғастыруға дайын екендіктерін білдірді.