Депутаттар жаңа Құрылыс кодексін мақұлдады - екі фракция қолдаған жоқ

Құрылыс саласында "бір терезе" жүйесі енгізіледі
Sputnik
АСТАНА, 8 қазан – Sputnik. Мәжіліс депутаттары жаңа Құрылыс кодексінің жобасын бірінші оқылымда қабылдады. Ал екі фракция бұл құжатты қолдаған жоқ, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Қазіргі кезде Қазақстанда қала құрылысын реттеу бойынша құжаттардың нақты иерархиясы бар. Олар:
елдің аумақтық дамуының Бас схемасы;
өңірлердің аумақтық жобалау схемалары;
қалалардың Бас жоспары;
нақты жобалау жоспарлары (ПДП).
Бұрын бас жоспарлар ғана міндетті сараптамадан өткен болатын. Былтыр нақты жоспарларды да өткізе бастады. Ал Құрылыс кодексі аясында құрылыс жобаларын қосымша бақылау шаралары болады. Ол үшін мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесін енгізу жоспарланған.
Кодекстің негізгі жаңалықтары:
сейсмикалық қатерді кешенді түрде бағалау және жаңа нысандарды сейсмо-оқшаулау технологиясымен жобалау;
мемлекеттік ақпараттық жүйелермен өзара біріккен лицензиаттардың электрондық тізілімін құру;
құрылыс инженерлерін сертификаттау жүйесін енгізу;
құрылыс саласындағы нормативтік-құқықтық базаны жетілдірумен айналысатын ұлттық техникалық нормалау институтын құру;
бақылау мен қадағалауды күшейту (нысанды қабылдауға ГАСК пен төтенше жағдай органдары міндетті түрде қатысады);
құрылыс саласындағы барлық процестерді толық цифрландыру және бірыңғай ақпараттық жүйе әзірлеу;
бірыңғай құрылыс парталын құру;
әрбір құрылыс нысанының жеке сәйкестендіру нөмірін енгізу.
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың айтуынша, жаңа Құрылыс кодекстің оң нәтижелері аз емес. Ең бастысы, құрылыс нарығындағы монополия төмендетіліп, бәсекелестікке қолайлы жағдай жасалады.

"Осылайша, жаңа Құрылыс кодексі елімізде құрылыс индустриясын жаңғыртып, тиімді әрі заманауи инфрақұрылым қалыптастыруға жол ашады", - деді Нағаспаев мәжілістің бүгінгі отырысында.

Бүгін Жалпыұлттық социал-демокартиялық партия мен “Ақ жол” партиясының депутаттары жаңа Құрылыс кодексінің жобасын қолдаған жоқ. Бір фракция қарсы дауыс берсе, екіншісі қалыс қалды. Бірақ депутаттардың басым бөлігімен бұл құжат бірінші оқылымда қабылданды. Алдағы уақытта оны мәжілістің екінші оқылымына шығарады.
Құрылыс саласына бақылау шаралары күшейтіледі