АСТАНА, 3 қазан – Sputnik. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Ашық НҚА порталында жаңа қаулы жариялады.
Құжатқа сәйкес, ведомство асыраушысынан айрылу және еңбекке қабілеттілігінен айрылу бойынша төлемдерді арттыруды жоспарлап отыр.
"2026 жылғы 1 қаңтарға дейін тағайындалған еңбекке қабілеттілігінен айырылу және асыраушысынан айырылу жағдайлары бойынша мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдер мөлшерін 10 пайызға арттыру қарастырылған", - делінген қаулыда.
2025 жылдың қаңтарында Еңбек министрлігі ең төменгі күнкөріс деңгейінің ұлғаюына байланысты еңбекке қабілеттілігінен айрылу және асыраушысынан айрылу бойынша жәрдемақы мөлшерін 6,5% - ке арттырды.
Асыраушысынан айрылу бойынша жәрдемақы алуға қайтыс болған асыраушы ұстаған еңбекке жарамсыз отбасы мүшелері құқылы. Атап айтқанда:
23 жасқа дейінгі балалар, бауырлар, апалар, немерелер;
зейнеткерлік жасқа толған ата-аналар, ерлі-зайыптылар;
8 жасқа дейін баланы тәрбиелеп отырған ата-аналардың, жұбайлардың немесе жақын туыстардың бірі;
ата-әжелер, егер олар зейнеткерлік жасқа жеткен болса және басқа өмір сүру құралдары болмаса;
кәмелетке толмағандар бала асырап алған кезде де жәрдемақы алу құқығын сақтайды.