Ұлытау облысында алаяқтық жасаған шенеунік айыппұлмен құтылды

Сондай-ақ сотталушы мемлекеттік және қаржы мекемелерінде лауазымды қызмет атқару құқығынан айырылды
Sputnik
АСТАНА, 29 қыркүйек – Sputnik. Ұлытау облысында лауазымды тұлға пара алғаны және алаяқтық жасағаны үшін сотталды, деп хабарлайды облыс прокуратурасының сайты.
Жаңаарқа ауданы прокуратурасы ұсынған қылмыстық іс материалына сәйкес, 2023 жылы Жаңаарқа ауданының ауыл шаруашылығы бөлімі" мемлекеттік мекемесінің бас маманы қызметтік лауазымын асыра пайдаланғаны анықталды.
"Ол шаруа қожалықтарының басшыларынан субсидия алуға жәрдемдескені үшін жүйелі түрде заңсыз сыйақы алып отырған, сондай-ақ алаяқтық жолмен ақша қаражатын иемденген", - деп жазылған хабарламада.
Сот оны пара алу және алаяқтық бойынша кінәлі деп танып, 9 784 896 теңге көлемінде айыппұл салу жазасын кесіп, оны мемлекеттік және қаржы мекемелерінде лауазымды қызмет атқару құқығынан айырды.
Қылмыстық іс бойынша келтірілген залал толығымен өтелді. Үкім заңды күшіне енді.
Астана тұрғыны алаяқтық жасағаны үшін екінші рет сотталды