АСТАНА, 29 қыркүйек – Sputnik. Мемлекет басшысы жаңадан тағайындалған премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевті қабылдады, деп хабарлайды Ақорда.
Тоқаев премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевті қабылдады
© Пресс-служба президента Казахстана
Қасым-Жомарт Тоқаев кездесуде ұлттық цифрлық инфрақұрылымды одан әрі өркендету, экономика мен әлеуметтік саланың негізгі бағыттарына жасанды интеллектіні енгізу, сондай-ақ азаматтар мен бизнес үшін мемлекеттік цифрлық қызмет көрсетудің сапасын арттыру жөнінде тапсырма берді.
"Президент ЖИ мен цифрлық технологиялар бойынша еңбек ететін білікті мамандар даярлау мәселесіне баса назар аударды", - деп жазылған хабарламада.
Мемлекет басшысы жоғары технологиялар саласындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейту және Қазақстанның өңірлік цифрлық хаб ретіндегі орнын нығайту қажеттігін атап өтті.
Премьер-министрдің орынбасарына Жолдауда белгіленген Қазақстанды цифрлық мемлекетке айналдыру жөніндегі басым мақсаттарды нақты іске асыру жүктелді.