АСТАНА, 29 қыркүйек – Sputnik. Астанада Италияның мәдени орталығы ашылады. Бұл туралы Ақордадағы келіссөздер кезінде Италия президенті Серджо Маттарелла мәдімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Серджо Маттарелла шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздер өткізді. Италия президенті мәдени орталықтың ашылатынын хабарлады.
"Италия өзінің мәдени орталығын Астанада ашып жатыр. Бұл Орталық Азияда аумағындағы алғашқы орталық болмақ", - деді Маттарелла.
Осы орайда ол Қазақстан басшысына да қолдау білдіргені үшін алғыс білдірді. Ал Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада Марко Поло атындағы көше ашылатынын мәлімдеді. Маттарелла бұл бастаманы "екі жақты қарым-қатынастарды ары қарай дамытуға деген ниеттің көрінісі" деп атады.
Италия президенті Қазақстанға алғашқы сапармен келіп отыр.
"Сіздің алғашқы сапарыңыз ынтымақтастығымыздың жаңа парағын ашатыны сөзсіз. Қазақстан мен Италия арасында тығыз ықпалдастық орнаған. Сіздің еліңізге құрметіміз ерекше. Өзара сауда дәйекті түрде дамуда. Біздің экономикалық байланыстарымыздың негізі берік. Түрлі саладағы қарым-қатынасымыз жоғары нәтиже көрсетіп келеді. Мемлекет басшысы ретінде екіжақты ықпалдастықты нығайтуға үлес қосуға әзірмін", – деді Тоқаев.