АСТАНА, 26 қыркүйек – Sputnik. Президент Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында сөз сөйлеп, жаһандық климаттық бастамаларға қатысты ойымен бөлісті, деп хабарлады Ақорда.
Мемлекет басшысының айтуынша, бірінші атом электр станциясын салу – ауқымды жұмыстың басы ғана. Бәсекеге қабілетті әрі дербес атом индустриясын қалыптастыруға күш салған жөн. Сонда біз энергетикалық тұрғыдан ешкімге тәуелді болмаймыз.
"Қазір Атом энергиясы жөніндегі агенттік осыған қатысты стратегиялық құжат дайындап жатыр. Онда энергия тапшы аймақтарда шағын модульді реакторлар орнату мәселесі қамтылуға тиіс. Мен Дубайда, Бакуде өткізілген жаһандық климаттық саммиттерге қатыстым. Әсерімді бірқатар әріптестерге және үкімет мүшелеріне жасырмай жеткіздім: бұл кең ауқымды алаяқтыққа ұқсайды", - деді Тоқаев.
Президенттің айтуныша, сондықтан Қазақстан 35 жылдан кейін ғана карбон көздерінен құтылады.
"Қазір Қазақстанда 118 миллиард киловатт энергия өндіріледі. Бұл – жеткіліксіз. Цифрландыруды, жасанды интеллектіні қарқынды дамытсақ, әлдеқайда көп энергия керек болады, бұл – анық нәрсе. Сондықтан елімізде барлық энергетика көздерін тиімді пайдалану қажет. Ең алдымен, көмір. Қазақстан жылына шамамен 113 миллион тонна көмір өндіреді, бұл тұрғыдан алғанда, әлемдегі ең ірі он мемлекеттің қатарына кіреді. Бұл – біздің актив, жетістік, оны дұрыс пайдалануымыз керек", – деді президент.
Мемлекет басшысы жел станциялары өте қымбат, өндірілетін энергия да қымбат, ондай станциялар табиғатқа зор зиян тигізуі мүмкін екенін айтты. Қазір озық технологиялар көмірді жақсы тазалайды, оның зияны жоқ, бағасы жел, күн, газбен салыстырғанда қымбат емес, деді Тоқаев.