АСТАНА, 26 қыркүйек – Sputnik. Астана әкімі Жеңіс Қасымбек LRT-ның алғашқы пойызы қашан іске қосылатынын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бұған дейін қала басшысы LRT тестік режимде іске қосылатынын мәлімдеген болатын.
"Қыркүйек әлі аяқталған жоқ. Келесі аптада қыркүйектің 29-30 күндері алғашқы пойызды іске қосамыз ба деп отырмыз. Әбу-Даби мен Мәңгілік елдегі көпірге қарай жіберетін шығармыз. Одан кейін күн сайын жұмыс уақытын ұзартамыз. Сөйтіп, пойыз баратын жолды да, станцияларды да көбейтетін боламыз", - деді Қасымбек журналистерге берген сұхбатында.
Қала басшысы пойыздардың саны да артатынын атап өтті.
"Сөйтіп, желтоқсанның соңына, қаңтардың ортасына қарай барлық пойыз тестік режимде жүреді", - деп атап өтті әкім.
Әкімнің айтуынша, LRT-да жол жүру ақысы 200 теңге шамасында болады.
“Жалпы, тесттк режим үш айдан алты айға дейін созылады. Қазан айында тағы 8 пойыз, ал желтоқсанға дейін толығымен 18 құрам келеді. Бәрі дұрыс болып, тестен дұрыс өтсе, келесі жылдың бірінші тоқсанынның соңына дейін LRT-ны толығымен іске қосамыз ”, - деп түйіндеді Қасымбек.