АСТАНА, 26 қыркүйек – Sputnik. Қазақстан СІМ басшысы Мұрат Нұртілеу ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің сыртқы істер министрлерінің жұмыс кездесуіне қатысты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Іс-шараға қатысушылар ҰҚШҰ-ның БҰҰ-мен ынтымақтастығының басым бағыттарын талқылады.
"Мұрат Нұртілеу кездесуге қатысушыларды Қазақстанның БҰҰ жүйесін және оның Қауіпсіздік кеңесін реформалау жөніндегі бастамаларын қолдауға шақырды", - деп жазылған хабарламада.
Ұйымға мүше мемлекеттердің сыртқы саяси ведомстволарының басшылары БҰҰ құрылғанына 80 жылдығына орай мәлімдеме қабылдады.
Сонымен қатар Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 80-ші сессиясы аясында Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі (АӨСШК) Сыртқы істер министрлерінің бейресми кеңесі өтті.
Отырыс барысында АӨСШК-ның институционалдық даму перспективалары, сондай-ақ сенім шараларын іске асыру жөніндегі практикалық қадамдар егжей-тегжейлі талқыланды.
Кездесу қорытындысы бойынша Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 80 жылдығына және БҰҰ құрылғанына 80 жыл толуына орай бірлескен мәлімдемелер қабылданды, сондай-ақ Қаржы саммитін өткізу және Әйелдер кеңесін құру туралы ережелер мақұлданды.