Миллиондаған адам үмітпен көз тігіп отыр – Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясында не жайлы айтты

© Photo : АкордаКасым-Жомарт Токаев выступил на Общих дебатах 80-й сессии Генассамблеи ООН
Касым-Жомарт Токаев выступил на Общих дебатах 80-й сессии Генассамблеи ООН - Sputnik Қазақстан, 1920, 24.09.2025
Жазылу
Мемлекет басшысы халықаралық құқықты өрескел бұзу "қалыпты жағдайға" айналғанын атап өтті
АСТАНА, 24 қыркүйек – Sputnik. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясы 80-сессиясының жалпы дебатында сөз сөйледі, деп хабарлайды Ақорда.
Президент халықаралық қауымдастықты ақиқатқа тура қарауға шақырды.
"Әлем түбегейлі өзгеріске ұшырады. Өкінішке қарай, жақсы жаққа қарай өзгерді деп айту қиын. Дәл сол себепті жер жүзіндегі миллиондаған адам Бірікккен Ұлттар Ұйымына үлкен үмітпен көз тігіп отыр. Бүгінгі тарихи кездесу – әмбебап және баламасы жоқ Ұйымның іргелі қағидаттары мен мақсаттарына қаншалықты бейіл екенімізді дәлелдейтін орайлы мүмкіндік. Әйтсе де біз көпжақты институттарға деген сенімнің дағдарысқа ұшырағанын айтпай кете алмаймыз", - деп толықтырды ол.
Мемлекет басшысы халықаралық құқықты өрескел бұзу "қалыпты жағдайға" айналғанын атап өтті. Соның салдарынан әлемдегі тұрақтылыққа нұқсан келіп, халықтардың, саяси көшбасшылар мен мемлекеттердің бір-біріне сенімі әлсірей түсті.
"Қазіргідей алмағайып кезеңде бәріміз БҰҰ позициясының нығаюына ықпал етіп, Ұйымның құбылмалы заманға бейімделуіне қолғабыс етуіміз қажет. Өзара түсіністік пен ынтымақтастық рухы соғыс өртін тұтандырудан басым болуға тиіс. Мемлекеттер басшылары бейбітшілікке ұмтылу жолында жауапкершілік арқалайды. Қазіргі буын көшбасшыларының әрекетсіздік танытуға еш құқығы жоқ. Өйткені оның зардабын келесі ұрпақ тартады", - дейді Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша Қазақстан жауапкершілігі бар орта державалардың үні БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде барынша анық естілуі қажет деп санайды.
Оның пайымынша XXI ғасырда БҰҰ беделін көтеру үшін Ұйымға мүше мемлекеттер бейбітшілік пен қауіпсіздіктің іргесін бекемдейтін нақты қадамдар жасауға тиіс. Әйтпесе, БҰҰ үнемі мәселенің салдарымен күресуден көз ашпайды. Ал проблеманың түпкі себептері үсті-үстіне көбейе береді.
"Біз бұл үдерісті дәл бүгіннен бастай аламыз. Ол үшін Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысына бейіл екенімізді тағы да растауымыз қажет. Егемендік, аумақтық тұтастық және кез келген дауды бейбіт жолмен шешу қағидаттарының бәрі мүлтіксіз сақталуға тиіс. Ұйым Жарғысын қолайына қарай қолдану оның беделіне нұқсан келтіреді", - деп толықтырды ол.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша Қазақстан дауды ушықтырғаннан гөрі дипломатияға жүгінуді, күш қолданғаннан гөрі диалог жүргізуді жөн деп санайды.
"Қазақстан бейбіт тұрғындарға орасан зор залал келтіріп, жаһандық сенімге селкеу түсірген және халықаралық қауіпсіздікті әлсіреткен Украина айналасындағы дағдарысқа алаңдаулы. Дегенмен аталған қақтығысты тоқтату үшін екіжақты және халықаралық деңгейдегі дипломатиялық күш-жігерді жалғастырып, қос мемлекет ұзақ мерзімді мүдделеріне сай келетін саяси икемділік көрсетуі керек. Территориялық дау-дамайды шешу ешқашан оңай болған емес. Ол келешек ұрпақтың қамы үшін екі жақтың да барынша ұстамдылық пен жауапкершілік танытуын талап етеді. Өшпенділік психологиясы қақтығысқа қатысушы тараптардың бітімге келуіне мүмкіндік қалдырмай, қай-қайсысын да құрдымға жібереді", - дейді президент.
Оның айтуынша Газадағы гуманитарлық дағдарыстың ауқымы тіпті қорқынышты. Оған бей-жай қарау мүмкін емес. Бұл қақтығыстың тарихи тамыры тым күрделі.
"Біз осы жауласудың түпкі себебін ескерусіз қалдыра алмаймыз. Қазақстан әскери іс-қимылды дереу тоқтатуға, бейбіт тұрғындарды толық қорғауға және халықаралық гуманитарлық құқық аясындағы көмектің кедергісіз жетуін қамтамасыз етуге шақырады. Біз екі мемлекеттің бейбіт қатар өмір сүруіне негізделген шешімді құптаймыз әрі БҰҰ-ның жетекші рөлін мойындаймыз. Қазақстан Таяу Шығыстағы өңірлік бітімгерлікке бағытталған Арабтың бейбіт бастамасы, Нью-Йорк декларациясы, Ибраһим келісімі секілді дипломатиялық ұсынымдарды қолдайды", - деп толықтырды мемлекет басшысы.
Сондай-ақ ол Қазақстан АҚШ Президентінің арағайындығымен Әзербайжан мен Армения қарым-қатынасының қалыпқа түскенін ерекше ықыласпен қабыл алғанын атап өтті.
"Бұл дипломатия мен парасатты шешімнің арқасында ұзақ жылға жалғасқан кез келген қақтығысты реттеуге болатынын дәлелдеді. Қазақстан осы қағидатқа сүйеніп, дауды ушықтырғаннан гөрі дипломатияға жүгінуді, күш қолданғаннан гөрі диалог жүргізуді жөн деп санайды", - деді ол.
Мемлекет басшысы саяси көшбасшылық өзара түсіністік пен құрметтен тұрады деп есептейді.
"Қазіргі геосаяси шиеленіске қарап, кейбір саясаткерлер "өркениеттер қақтығысынан қашып құтыла алмаймыз" деген пікір айтып жүр. Алайда мұндай алауыздық тағдырдың жазуы емес, олардың саяси таңдауы. Ғылым, медицина, спорт, дін және мәдениет сияқты жаһандық игіліктер геосаяси бөліністің құралына айналмауға және санкция салуға себеп болмауға тиіс. Адамзат өміріндегі бұл ізгі құндылықтар бізді гуманизм идеясына біріктіреді. Саясаткерлер жауапкершіліктен жұрдай мәлімдеме жасағанда немесе дін мен болмысты саяси ұпайын түгендеу үшін бұра тартып, ағат әрекетке барғанда сенімге селкеу түсіп, бейбітшілікке ұмтылған ерік-жігер жасиды. Анығында, саяси көшбасшылық – бір-біріне күмән-күдікпен қарап, менмендік таныту емес, өзара түсіністік пен құрметтен тұрады. Әлемге тірек болып тұрған толеранттылық пен парасаттылық заң үстемдігіне арқа сүйеуі қажет", - деп атап өтті ол.
Оның айтуынша Еуразия төсінде орналасқан Қазақстан Азия мен Еуропа арасындағы құрлық арқылы тасымалданатын жүктің 80 пайызына қызмет көрсететін логистикалық хаб ретінде шешуші рөл атқарады.
"Біз көлік-транзит инфрақұрылымына, соның ішінде "Бір белдеу, бір жол" бастамасына, Солтүстік – Оңтүстік көлік дәлізіне және Транскаспий көлік бағытына ондаған миллиард доллар инвестиция саламыз. Қазақстан қалыптасып келе жатқан жаһандық көлік жүйесінің өзегі саналатын аймақтық жеткізу тізбегін дамытуды жалғастырады. 2029 жылға дейін 5 мың шақырым жаңа теміржол салуды жоспарлап отырмыз. Еліміз Орнықты даму мақсаттарын ұлттық күн тәртібіндегі басымдықтардың бірі ретінде айқындады. Ондағы міндеттер мемлекеттік жоспарлауда және бюджет жобасын әзірлегенде ескеріледі", - деді ол.
Қасым-Жомарт Тоқаев Бас Ассамблеяға 22 сәуірді Халықаралық жер шарын көгалдандыру күні деп жариялайтын қарар қабылдауды ұсынды.
"Былтыр адамзат тарихындағы ең ыстық маусым болды. Бұл ретте Орталық Азияда ауа температурасы әлемдегі орташа көрсеткіштен екі есе жоғары екенін айтқан абзал. Алатау мұздықтары тез ери бастады. Бұл миллиондаған халықтың су және азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төндіреді. Қазақстан Арал қасіретінен сабақ алды. Жоспарлы іс-әрекетіміздің арқасында, соның ішінде халықаралық деңгейдегі ынтымақтастық нәтижесінде теңіздің солтүстік бөлігін сақтап қалдық. Халықаралық Аралды құтқару қорының төрағасы ретінде еліміз бұл маңызды бағыттағы белсенді жұмысты жалғастырады. Дегенмен Каспий теңізі күннен күнге тартылып барады. Бұл бір өңірдің ғана проблемасы емес, жаһандық деңгейде дабыл қағатын мәселеге айналды. Сондықтан аймақтағы серіктестерімізді және барша халықаралық қоғамдастықты Каспийдің су қорын сақтау үшін жедел шараларды бірлесе қабылдауға шақырамыз", - деді ол.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан экономикасының негізгі бағыттарына тоқталды.
"Қазақстан экономикасы тұрақты дамып келеді. Биыл экономикалық өсім 6 пайыздан асады деп күтілуде. Бұл біздің аймақтағы ең ірі экономиканың орнықтылығын қуаттай түседі. Дегенмен бұл жетістіктерге тоқмейілсуге болмайды. Біз ұзақ мерзімді дамуға бағытталған күш-жігерді жалғастырамыз. Қазақстанның энергетикалық стратегиясы төрт салаға негізделген: мұнай-газ, көмір, уран және аса маңызды минералдар. Бұл құнды ресурстар сенімді энергетикалық серіктестіктің негізі бола алады. Климат өзгерісі мен "жасыл" күн тәртібін көмір кені секілді орасан зор энергетикалық ресурсқа бай елдер қабылдай бермейді. Өйткені бүгінде озық технологияның арқасында оны тазаланған күйінде пайдалануға болады. Сондықтан біз 35 жыл ішінде елімізді декарбонизациялау жөнінде міндеттеме алдық. Тек жаңартылатын энергия көмегімен бүкіл энергетикалық мәселені шешу мүмкін емес", - дейді мемлекет басшысы.
Жаңалықтар
0