АСТАНА, 24 қыркүйек – Sputnik. Атырау облысында алғаш рет "Сталкинг" бабы бойынша қылмыстық іс тіркелді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Құрманғазы ауданында ер адам түнде әйелдің үйінің ауласына кіріп, терезесінен үңіліп, анайы әрекет жасаған.
Күдіктінің әрекетінен зардап шеккен әйел полицияға шағым түсірген.
Полиция бастапқыда "ұсақ бұзақылық" бабы бойынша әкімшілік іс қозғаған. Алайда жәбірленушінің қосымша айғақтарынан кейін алғаш рет Қылмыстық кодекстің жаңа бабы - "Сталкинг" бойынша іс қозғалды.
"20 қыркүйекте Құрманғазы ауданында болған дерек бойынша күдіктіге қатысты әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырылып, оған әкімшілік сотпен 60 сағат қоғамдық жұмыстарға тарту шарасы қолданылған. Қазіргі уақытта жәбірленушінің өзге де дәлелдерді келтіруіне байланысты бұл іс қылмыстық іс ретінде тіркеліп, тергеу жүргізіліп жатыр", - дейді Атырау облыстық полиция департаментіндегілер.
Анықталғандай, күдікті сол түні басқа әйелдерді де терезеден аңдыған.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда 16 қыркүйектен бастап "Сталкинг" туралы заң күшіне енді. Ол 200 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салуды, түзеу немесе қоғамдық жұмыстарға тартуды немесе 50 тәулікке дейін қамауға алуды қарастырады.