Қазақстан америкалық Wabtec компаниясымен 4,2 миллиард доллар тұратын келісімге қол қойды

Құжатта Қазақстанда техникалық тұрғыдан жетілдірілген 300 локомотив жеткізу және оған сервистік қызмет көрсету қарастырылған
Sputnik
АСТАНА, 22 қыркүйек – Sputnik. Мемлекет басшысының Нью-Йорк қаласына ресми сапары аясында АҚШ cауда министрі Говард Латниктің қатысуымен америкалық Wabtec компаниясымен жалпы сомасы 4,2 миллиард доллар болатын келісімге қол қою рәсімі өтті.
Құжатта Қазақстанда техникалық тұрғыдан жетілдірілген 300 локомотив шығару және оған сервистік қызмет көрсету қарастырылған.
Көлік технологиясы бойынша әлемдегі көшбасшы компания еліміздің теміржол саласын жаңғырту ісінде негізгі серіктестердің бірі саналады.

"Wabtec Kazakhstan локомотив құрастыру зауыты 2009 жылдан бері Астанада табысты жұмыс істеп келеді. Осы аралықта компания өндіріске 230 миллион доллардан астам инвестиция құйды. Кәсіпорын бүгінге дейін "Қазақстан темір жолына" және экспортқа арналған 600-ден астам локомотив құрастырды", - делінген хабарламада.

Өндірістің локализация деңгейі 45 пайызға жетті.
Былтыр шілде айында Wabtec компаниясы елімізде инновацияларды енгізіп, кадр даярлауға үлес қосатын технологиялық және инженерлік орталығын ашты.
Қасым-Жомарт Тоқаев Дональд Трамппен сөйлесті