АСТАНА, 21 қыркүйек – Sputnik. Almaty Cover Show атты ауқымды шоуға 50 мыңнан астам көрермен жиналды, деп хабарлайды қалалық әкімдік.
Шаһар тұрғындары мен қонақтары 90-2000 жылдардағы хит әндердің кавер нұсқасын тыңдап, қазіргі таңда хит-парадтарды бағындырып жүрген заманауи тректермен құлақ құрышын қандырды.
Кештің басты хедлайнері көптен күткен Ninety One тобы болды. Сондай-ақ, сахна төріне ADAM, "Азия" тобы, Бахыт Шадаева, Qali, Зарина Омарова, Арман Қоныр мен Аша Матай, Ерлан Көкеев, Сейфуллин Жолбарыс, Жеңіс Ысқақова, Жазира мен Жанболат, Мөлдір Әуелбекова, Бағым Мұхитденова, Тоқтар мен Бейбіт, Мұхтар Ханзада және басқа да өнер иелері шықты. Іс-шараны танымал шоумен Тұрсынбек Қабатов жүргізді.
Almaty Cover Show нағыз музыкалық марафонға айналды. Мұнда классика, ретро мен заманауи әндер тоғысып, қалаға қуаныш пен бірлік сыйлады. Бұл кеш Алматының өнерді ұлықтап, музыканы дәріптей білетін қала екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Айта кетейік, бүгін Астана алаңында сағат 10:30-дан 22:00-ге дейін мерекелік үлкен концерт өтіп жатыр. Хедлайнерлер қатарында – Қайрат Нұртас, 6ellucci, TURAR, "МузАРТ" тобы, Алан Черкасов, Құрмаш Маханов, Еркеш Хасен және басқа да белгілі өнерпаздар бар.