АСТАНА, 19 қыркүйек – Sputnik. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік төлемдер бойынша деректермен бөлісті.
"2025 жылдың 1 қыркүйегіндегі жағдай бойынша атаулы әлеуметтік көмек 50,3 мың отбасындағы 270,7 мың адамға 21,7 млрд теңге сомасында тағайындалды", - деп жазылған хабарламада.
Ведомство хабарлауынша, биыл бұл мақсаттарға бюджеттен 110,7 млрд теңге қарастырылған.
АӘК мыналарды көздейді:
- табысы кедейлік шегінен аспайтын азаматтарға тоқсан сайын әлеуметтік көмек тағайындау;
- табысы аз отбасылардағы 1 жас пен 6 жас аралығындағы әр балаға 1,5 АЕК мөлшерінде ай сайынғы қосымша төлем беру. Ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінде АӘК алушылар қатарынан мектеп жасына дейінгі 83,6 мың балаға 2,8 млрд теңге сомасына қосымша төлем тағайындалды;
- жұмысқа орналастыру, өз ісін ашуға ниетті отбасыларға гранттар беру, біліктілікті арттыру курстарына жіберу (қажет болған жағдайда) және басқалар арқылы жұмыспен қамтуға жәрдемдесу.
Қазіргі уақытта қазақстандықтар АӘК тағайындауға өтінішті тұрғылықты жері бойынша мансап орталығында, ауыл округінің әкіміне сондай-ақ Электрондық үкімет порталы (egov.kz) арқылы бере алады.