Түркістан облысында жат діни ағымның мүшелері ұсталды

Олардың автокөлігінен заңсыз қару табылды
Sputnik
АСТАНА, 18 қыркүйек – Sputnik. Түркістан облысында деструктивті діни ағымның жақтастары ұсталды, деп хабарлады облыс прокуратурасының сайты.
Олардың "Toyota Land Cruiser 200" маркалы автокөлігінен 9 мм калибрлі бір дана "ТТ" маркалы тапанша және 18*45 калибрлі "Байкал МР-461" маркалы қару табылып, тәркіленді.
"Аталған қарулардың оқ атуға жарамды екендігі анықталды. Қазіргі таңда бұл қарулардың өзге де қылмыстарда қолданылғанын анықтау мақсатында тиісті сараптамалар тағайындалды", - деп жазылған хабарламада.
Сонымен қатар негізгі фигуранттың тұрғылықты мекенжайында ҚР Қылмыстық кодекстің 432-бабы бойынша іздеуде жүрген күдікті ұсталды.
Күдіктілер ұсталды. Қылмыстық кодекстің 287-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Ақтөбеде деструктивті діни ағым өкілдері сотталды