АСТАНА, 18 қыркүйек – Sputnik. Ақмола облысында прокуратура қайтарған активтер ауыл тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз етуге бөлінді, деп хабарлады облыс прокуратурасының сайты.
Ақмола облысы Зеренді ауданының Ақадыр ауылында прокуратура органдары қайтарған активтер ауыл тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталды.
"Аталған қаражат есебінен Зеренді ауданының Ақадыр ауылында ұзындығы 12 шақырым болатын су құбыры тартылып, су алу құрылыстарының құрылысы жүргізіліп жатыр", - деп жазылған хабарламада.
Қазіргі уақытта ауыл тұрғындары ауыз судан таршылық көріп отыр, негізгі су көзі ретінде колонкалар мен су тарату пункттері қызмет етуде. Су құбыры пайдалануға берілгеннен кейін 500-ден астам тұрғын орталықтандырылған ауыз сумен қамтылады.
Құрылыс барысы мен қаражаттың мақсатты жұмсалуы облыс прокуратурасының тұрақты бақылауында болады.