АСТАНА, 16 қыркүйек – Sputnik. Жамбыл облысында әлімжеттіктен екі оқушы көз жұмғаннан кейін Оқу-ағарту министрлігінде шұғыл кеңес өтті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің мәліметіне сәйкес, өңірде мектеп ішінде де, мектептен тыс ортада да алдын алу жұмыстары жүйелі жүргізілмейді. Әсіресе, психологиялық-педагогикалық қолдау жеткіліксіз, ал әлеуметтік қолдау шаралары әлсіз. Оған қоса, әлеуметтік педагогтердің жұмысы да тиісті деңгейде атқарылмай жатыр.
"Осыған байланысты министрдің тапсырмасымен 29 қыркүйектен бастап өңірге республикалық ведомствоаралық мониторингтік топ жіберіледі. Оның нәтижесінде кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу және азайтуға бағытталған нақты іс-шаралар көрсетілген жергілікті Жол картасы әзірленеді. Сондай-ақ балалардың психологиялық қауіпсіздігі мәселелері бойынша әдістемелік көмек көрсетіледі", - делінген ресми хабарламада.
Кеңес қорытындысы бойынша министр облыста балалардың құқықтарын қорғау басқармасын жедел ашуды тапсырды. Бұдан бөлек, педагог-психологтардың санын көбейту керек. Ал "Өркен" институты мен "Өрлеу" біліктілікті арттыру ұлттық орталығы өңір педагогтерының кәсіби деңгейін көтеруге міндетті.
Еске сала кетейік, Жамбыл облысында бір аптаның ішінде екі оқушы көз жұмды. Көкқайнар ауылында оқушылар арасындағы төбелестен кейін 10-шы сынып оқушысы көз жұмса, Таразда 9-шы сынып оқушысын мектеп дәретханасында ұрған. Оның сыныптасы қамауға алынды.